Маңғыстауға қарасты ҚАЖД-да мекемелерде азаптаудың алдын алу бойынша жиын өтті
Маңғыстауға қарасты ҚАЖД-да мекемелерде азаптаудың алдын алу бойынша жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінде ұлттық заңнаманы түсіндіру, мекемелерде азаптаудың алдын алу бойынша практикалық шаралар бойынша жиын өтті. Оған ҚАЖД бастығының орынбасары Ғабит Чутабеков, Маңғыстау облысы прокуратурасының қылмыстық жазалардың орындалуының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Асылбек Асанов және өңірдің қоғамдық бақылау комиссиясының басшылығы Александр Муха мен Ролан Абкадыров қатысты.
Айта кету керек, Қазақстан адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын және БҰҰ-ның 8 құқық қорғау конвенциясын қоса алғанда, 70-тен астам көпжақты халықаралық шарттардың қатысушысы.
Жиын барысында қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптаулар мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірілді. Қазіргі уақытта ҚАЖД мекемелерінде үздіксіз бейнебақылау енгізілгені белгілі, сонымен қатар сотталғандардың өтініштерін беру үшін терминалдар жұмыс істейді.
Сондай-ақ азаптаудың алдын алу бойынша қабылданған құқықтық шаралар, облыстың ҚАЖ департаментінің прокуратура органдарымен және ұйымдармен азаматтардың құқықтарын азаптаудан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғау саласындағы одан әрі өзара іс-қимыл жасау жөніндегі жоспарлары талқыланды.