Маңғыстаулық тұрғын үй ауласына есірткі өсірген
Маңғыстаулық тұрғын үй ауласына есірткі өсірген, – деп хабарлайды Polisia.kz
9 қазан күні сағат 15:30 шамасында жедел-іздестіру шаралары барысында Мұнайлы ауданында орналасқан учаскелердің бірінде 36 жастағы ер адам құрықталды. Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген тінту жұмыстары кезінде азаматтан өткір иісті марихуанаға ұқсас есірткі зат және қағазға оралған үш дана өсімдік дәндері тәркіленді.
Сонымен қатар, тұрғылықты мекен жайдың ауласын тексеру барысында 10 түп марихуана тәріздес есірткі заттары мен 30 дана дән, одан бөлек, полиэтиленді пакетке сақталған жасыл түсті есірткіге ұқсас заттар табылып, тәркіленіп алынды. Есірткі заттарын өсіретін арнайы жарықтың 15 данасы анықталды. Тәркіленіп алынған он түп марихуана затының салмағы 8 келі 360 граммды құрады.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша СДТТБТ-ға тіркелді. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жария етілмейді.