Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Марат Ахметжанов павлодарлықтармен кездесті

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Павлодарда өңір тұрғындарымен кездесті. Елордадан онымен бірге ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшелері мен ведомствоның орталық аппаратының басшылары келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ басшысы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовпен бірге қалалық “Балалары бар әйелдерді әлеуметтік-психологиялық сауықтыру және бейімдеу орталығында” болды. Мекеме 2003 жылы қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға әлеуметтік-құқықтық, психологиялық және басқа да көмек көрсету үшін құрылған.

“Орталықта әйелдер бір жылға дейін тұра алады. Бұл – өмірлік қиын жағдайға тап болған, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ немесе зәбір көрген әйелдер. Орталыққа келіп түскен кезде әйелге толық қызмет көрсетіледі. Онымен психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді”, – деді Павлодар қалалық “Балалары бар әйелдерді әлеуметтік-психологиялық сауықтыру және бейімдеу орталығы” КММ директоры Надежда Кузнецова.

Орталықта әйел-тергеушінің, сарапшы мен психологтың кабинеттері бар. Бұл тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қажетті көмекті уақтылы көрсетуге және қылмыстарды “ізін суытпай” ашуға мүмкіндік береді.

“Орталықтың базасында ашылған тергеуші кабинеті психологиялық жайсыздықты болдырмауға көмектеседі, мұнда жәбірленушімен тергеу әрекеттері жүргізіледі. Оның ішінде сот-медициналық сарапшының жұмысы да қарастырылған”, – деп атап өтті Павлодар облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының аға тергеушісі Нұрзифа Тюлюбаева.

Сонымен қатар қалалық мәдениет сарайында Марат Ахметжанов аймақ тұрғындары алдында есеп берді. Кездесу жергілікті БАҚ және әлеуметтік орталықтың ресми аккаунттарында көрсетіліп, “Халық радиосы” толқынында да берілді. Бірінші кезекте министр ІІМ реформаларына, елдегі және өңірдегі криминогендік жағдайға тоқталды. Ол жалпы қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі байқалатынын айтты.

“Елде құқықтық реформа біртіндеп жүріп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында, әрине, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізе білдік. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер өте дамыған. Әрбір қылмыс, әрбір резонанстық оқиға онда кеңінен жарияланады. Осыған байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар күн сайын орын алатындай көрінеді. Бірақ егер статистикаға жүгінетін болсақ, мен 97-ші жылы қабылданған қылмыстық кодекс пен қылмыстық іс жүргізу кодексіне сүйеніп айтып отырмын, бұрын Қазақстанда жыл сайын 2,5 мыңнан астам адам өлтіру тіркелетін. Ал қазір соңғы бес жыл ішінде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмендеді. Павлодар облысында да қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі төмендеп келеді”, – деді министр.

Ведомство басшысы тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап берді. Павлодарлықтарды негізінен қылмыстық істерді тергеудің сапасы мен мерзімдері, жол қауіпсіздігі, әкімшілік заңнама, интернет-алаяқтық, отбасылық-тұрмыстық қатынастар және басқа да мәселелер қызықтырды.

Кездесуге келгендердің арасында өз проблемаларын айтып қана қоймай, полиция қызметкерлеріне алғыс білдіргендер де болды.

Өңір тұрғындарының мәселелерін тыңдап, оларды шешу үшін министр қызмет басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Елдің бас полицейі журналистер туралы да ұмытқан жоқ. Брифингте Ахметжанов БАҚ өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.

ІІМ басшысы Жедел басқару орталығында болды. Айта кетейік, Павлодарда жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 130 қылмыс ашылып, 4192 құқық бұзушылық анықталған.

Бұдан бөлек Марат Ахметжанов Павлодар полициясының жеке құрамымен кездесті. Министр заңдылық пен тәртіптің сөзсіз сақталуына, өз қатарларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң іс-қимыл жасауға, кадр саясатын жетілдіруге ерекше назар аударды.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бастамаларды қолдап, әкімдік тарапынан полиция қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту үшін барлық жағдайлар жасалатынын атап өтті.

Сапар барысында республиканың бас полицейі аймақтағы колониялардың бірінде болды. Сотталғандарды ұстау жағдайымен танысып, ұзақ кездесуге арналған бөлмелерді аралады. Мекеменің өнеркәсіптік аймағында министрдің назарына сотталғандардың қолымен жасалған бұйымдар ұсынылды.

Соңында Марат Ахметжанов Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінде болды, онда ол әскери бөлімнің қызметтік инфрақұрылымының жай-күйін зерттеді, оқу-жаттығу объектілерін, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін қолданылатын заманауи техниканы  тексерді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру