Мас тараздық өзгенің көлігін айдап кетіп, жол апатын жасады
Тараз тұрғыны мас күйде өзгенің көлігін айдап кетіп, жол апатын жасады – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қалалық ПБ жедел басқару орталығына таңғы сағат 4:20 шамасында қаладағы мейрамханалардың бірінің алдынан белгісіз тұлғаның Volkswagen Passat автокөлікті айдап кеткені туралы хабарлама түсті.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, қаладан шыға берісте облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны мас күйінде ұсталды.
Күдікті өз әрекетін таңғы сағат 4-те таксиді тоқтата алмай, ал үйге қандай да бір жолмен жету керектігімен түсіндірді. Сондай-ақ, ол ұрлаған көлікпен қосымша ақша табуды ойлап, жолай жолаушыларды алып кеткісі келген. Бірақ полиция қызметкерлерін көріп, жасырынуға тырысқан. Нәтижесінде рульді басқара алмай, жол-көлік оқиғасын жасады.
Сонымен қатар, күдіктінің 2019 жылы мас күйінде көлік жүргізгені үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығы анықталды.
Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.