Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында ер адам сексеуіл тасымалдаған

Жамбылдық полицейлер Қызыл кітапқа енген өсімдікті тасымалдаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

26 қазанда сағат 22:50 шамасында Шу ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері “Браконьер” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында 34 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы ГАЗель автокөлігін тоқтатты.

Автокөлікті тексеру кезінде шамамен 2 текше метр көлемінде заңсыз кесілген және пайдалануға тыйым салынған ағаш (сексеуіл) табылып, тәркіленді.

Жүк көлігі жүргізушісінің айтуынша, сексеуіл ағашын Алматы қаласына жеткізу үшін арнайы адам жалдаған. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, Жамбыл облысының 60 жастағы тұрғынын анықтап ұстады.

Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігі (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал анықталуда. Сот-биологиялық сараптама тағайындалды.

Аталған қылмысты жасағаны үшін көрсетілген бапқа сәйкес үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру