"Менің жасағым – менің отбасым": ЖҚАЖ жауынгерінің қызметі мен өмір жолы
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері үшін қызмет кәсібилік пен төзімділікті ғана емес, қайсарлықты, батылдықты және ең күрделі міндеттерді орындауға деген жоғары дайындықты талап етеді. Камуфляж киіп, броньды кеудеше таққан жауынгерлер қатарында Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Болатбек Досмағамбет те бар, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бала кезінен ата-анасы ұлының бойына өмірдегі басты құндылықтарды сіңірді. Отанды сүю, отбасын және достықты қадірлеу, өзіне және өз ұстанымдарына адал болу – Болатбектің өмірлік қағидаларына айналды. Сондықтан ел қауіпсіздігін қорғау жолын таңдау ол үшін кездейсоқ шешім емес, бала күннен қалыптасқан арманның жалғасы болды.
ЖҚАЖ жауынгерлерінің қызметі көбіне өмірге қауіп төндіретін күрделі жағдайлармен байланысты. Мұндай міндеттерді орындау үшін ерекше психологиялық дайындық, жоғары кәсіби шеберлік пен арнайы дағдылар қажет. Қатаң іріктеу мен жоғары талаптардан бөлек, мықты денсаулық, тұрақты психика және арнайы бөлімшеде қызмет етуге деген зор ынта болуы тиіс.
ЖҚАЖ құрамына қабылданғаннан кейін жауынгерлер үшін өзара қолдау мен жолдастық сенімнің маңызы арта түседі. Себебі кез келген операцияның сәтті өтуі әр қызметкердің дайындығы мен серігіне деген сеніміне тікелей байланысты.
- Біздің қызметіміз – жай ғана жұмыс емес, өмір салты. Бұл – әркім өз еркімен таңдайтын тағдыр жолы, – дейді Болатбек Досмағамбет.
Болатбек Досмағамбет өзінің кез келген төтенше жағдайға дайын екенін биылғы маусым айында тағы бір мәрте дәлелдеді. Сабындыкөл көлінде қызмет атқарып жүрген кезінде полицей суда ес-түссіз, етпетінен жатқан адамды байқайды. Ол көп ойланбастан суға түсіп, батып бара жатқан азаматқа жетіп, оны жағаға алып шықты.
Жағаға шыққаннан кейін Болатбек зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстады. Әріптестерімен бірге жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс алдыру шараларын жүргізді. Осы әрекеті арқылы ол жоғары кәсіби даярлығын, сабырлылығын, табандылығын және қиын сәтте дұрыс шешім қабылдай білетінін көрсетті.
- Менің жасағым – менің отбасым. Мұнда үйдегіден де көп уақыт өткіземін. Біз батылдықты, ерлікті және достықты бағалаймыз. Алайда біз үшін ең маңыздысы – сенім. Әр жауынгердің әрекетіне, білімі мен шеберлігіне көп нәрсе байланысты. Кейде бұл тапсырманың сәтті орындалуынан да маңызды, – дейді ЖҚАЖ жауынгері.
Оның айтуынша, әр жауынгер жанында жүрген серігінің физикалық, моральдық және кәсіби тұрғыдан дайын екеніне сенімді болуы керек.
- Жауынгер қажет кезде серігіне қорған бола алатынына, тапсырманы дәл орындайтынына, жүйкесі мықты әрі қиын сәтте сабыр сақтай алатынына сенімді болуы тиіс. Мұндай сенім – біздің қызметіміздің негізі, – дейді ол.
Қызметтен тыс уақытта офицер спортқа да ерекше көңіл бөледі. Дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат атағына ие. Сонымен қатар ведомстволық спорттық жарыстарға белсенді қатысып келеді.
Әр Отан қорғаушысының артында оны жігерлендіріп, қолдайтын мықты тылы – отбасы тұрады. Болатбектің өмір жолын сүйікті жары да бірге бөлісіп келеді. Ерлі-зайыптының шаңырақ көтергеніне 15 жыл болған. Бүгінде олар үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр.
- Әр отбасы – өзінше бір әлем. Оның қандай болатыны ерлі-зайыптылардың өзіне байланысты. Біздің отбасымыздағы үйлесім мен тыныштықтың негізі – жұбайым. Қызметімнің қиындығы мен ерекшелігіне қарамастан, ол әрдайым сабырлы, түсінігі мол әрі дана қалпынан айнымайды, – дейді ол.
Болатбек Досмағамбеттің айтуынша, жауынгер үшін отбасының берік болуы, жақындарының қолдауы, өзара түсіністік пен сыйластықтың орны ерекше.
Осындай жауынгерлер жас қызметкерлерге үлгі болып, нағыз күштің тек физикалық дайындығында емес, бірлікте, өзара сенімде, жауапкершілік пен ортақ мақсатқа адалдықта екенін көрсетеді.
