«Мерген қыз» – Мейрамгүл
Бүгінде Атырау облысы полиция органдарында ерлермен иық тіресе қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, азаматтардың тыныштығы мен бостандықтарын қамтамасыз етіп жүрген әйел полицейлер аз емес, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар өздерінің тұрмыстағы бала тәрбиесімен қатар, асқан жауапкершілікті талап ететін полиция қызметінде абыройлы қызмет атқаруда. Солардың бірі – полиция майоры Манашева Мейрамгуль Жауынбайқызы. Ол қазіргі күні Атырау облысы Исатай ауданы полиция бөлімінің Ақпарат және байланыс тобының аға инспекторы қызметін атқарады.
Ішкі істер органына жұмысқа 2003 жылы қабылданған Мейрамгүл өзінің негізгі жұмысымен қоса түрлі шараларға, жарыстарға белсене араласып келеді. Әсіресе «Макаров» тапаншасынан атуда жарыстарда облыс деңгейінде жүлделі орындарға ие болып жүрген оны әріптестері «Мерген қыз» деп мақтан етеді. Ұжымда жастарға үлгілі тәлімгер, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін Мейрамгул Жауынбайқызын әріптестері де құрметке лайықты қызметкер деп санайды.
⁃ Менің қызметтегі міндетім тіркелген қылмыстар мен хабарламаларға сараптама жасау. Қай жерде қылмыс көп орын алуда, қылмыскерлер, солардың бәрін топтастырып, саралау, құқықбұзушылықтың алдын-алу бағытында жоспар жасап, арнайы ақпараттық қорға тіркеп, қылмыс жасаған және соған бейім жандар жайлы ақпарат дайындау, – дейді Мейрамгүл.
Полиция болу Мейрамгүлдің бала күнгі арманы екен. Алғашқы тәлімгері полиция майоры, зейнеткер Харасов Тұрлан Алпанұлынан құқыққорғау саласының әліппесін, «Макаров» тапаншасынан атудың қыр-сырын үйренген нәзік жанды полицей қызметте өз ісіне берік маман, үйде тәрбиелі келін, сүйікті жар, мейірімді ана.
Нағыз жігіттің ғана қолынан келетін құқыққорғау саласында елермен иық тіресіп, бір кісідей қызмет атқарып жүрген «Мерген қыз» осының бәрі түсіністік танытып, ылғи қолдау білдіріп отыратын ер-азаматы мен ата-енесінің арқасы екенін айтады.
– Бастапқы жұмысқа орналасқан жастау кезімде уақытпен санасу деген болған жоқ. Күндіз-түні тапсырылған жұмысты тиянақты орынау үшін барымызды салдық. Көбі қыз балаға немесе әйел адамға бұл қызметтің қиын екенін айтады. Өз басым, қолдап отыратын ерің болса, ол қиындықтарды жеңуге болады деп ойлаймын.
Қазіргі жұмысым құжаттармен, іс-қағаздарымен байланысты болғандықтан, бәрі уақытымен үйлесіп жатады, – дейді Мейрамгүл.
Жаны нәзік болса да, қызметте талап пен тәртіпті бойына тұмар қылған әріптестің алдағы еңбегіне де табыс тіледік.