Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Милиционер әкеден тәлім алған ҚАЖ қызметкері

23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болған полицейлер туралы жарияламақ.
Ер бала үшін әкенің берген тәрбиесі мен көрсеткен үлгі өнегесін еш білім ордасы,еш тәрбиеші бере алмайды. Әр әкенің күнделікті отбасындағы өзгелермен қарым-қатынасы,қызметіндегі азаматтық тұлғасы,жалпы адамгершілік қасиеттерінің,ақ қағаздай таза бала санасына игі әсерін тигізетіні анық.Осы орайда,тілге тиек,мақаламызға өзек болғалы тұрған кейіпкеріміздің өмірінде әкесінің орны ерекше.
Қызылорда облысы ЗК-169/1 мекемесі бастығының орынбасары Қанат Жамуровтың бүгінгі таңдағы алған асуы,шыққан биігі, бала күнгі арманы мен биік мақсатының нәтижесі. Әке көрген оқ жонар деген, 27 жыл ішкі істер саласында табанды еңбек еткен әкесі Жамуров Серікбай Қойшыбайұлының өрнекті өмірі, өрімдей жастың санасында өз өрнегін салғаны соншалық, мамандық таңдау сәті туғанда, ойланбастан құқық саласына баруды ұйғарды. Арманын арқалаған жас, Шымкент қаласындағы ІІМ-не қарасты заң колледжіне келіп құжат тапсырды. 2000-2002 жылдар аралығында, осы колледждің курсанты атанған жігіт, аталған оқу орнын жақсы нәтижемен бітіріп, дипломымен ЗК-169/1 мекемесіне келіп жұмысқа тұрды. ҚАЖ саласындағы алғашқы еңбек жолын 2002-2004 (жылдар аралығында) РжКБ-нің инспекторы болып бастаған жас маманның тәлімгері, сол кездегі аға инспекторы Батырхан Әлишбеков  мен мекеме бастығының орынбасары Лечи Шабаев болды.

ҚАЖ саласының қыр-сырын меңгерген,тәжірибелі алдыңғы буын ағалардың ақыл-өсиет, бағыт –бағдарын тыңдай отырып, Қанат Жамуров өзі де, пенитенциарлық жүйенің қиындығы мен сан кедергілерін бастан өткерді. Арманы болған салада құлшына жұмыс жасауға талпынып тұрған талапкер, еңбек ете жүріп, Алматы қаласындағы ІІМ-не қарасты академияны сырттай оқып бітірді. Білімін жетілдірген білімді де, білікті, жас маманның кез-келген жұмысқа байыппен қарап, тапсырылған істі жауапкершілікпен атқара білетіндігін байқаған мекеме басшылары Қанат Жамуровқа мекемедегі бөлім салаларын басқаруды сеніп тапсырды. 2004 жылдан бастап Жедел бөлімге ауысып, қызметтің қыр-сырын игерген соң, 2009 жылы осы бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Отызға келіп, ой тоқтатқан шағында, сәт сайын күтпеген оқиға туындауға бейім тұратын бөлімнің отына күйіп, суығына тоңды. Қиын сәттерді бастан өткеріп, күрделі нәрселердің күрмеуін шешті. Бүгінгі таңда, ЗК-169/1 тергеу изоляторы республика аумағындағы 18 тергеу мекемелер арасында, алдыңғы қатардан көрініп келе жатыр.

– Бұл өмірде әр адамның мақсаты, құлқынның қамы емес, абырой-беделге, құрметке ие болу үшін адал еңбек ете білуге талпыну болу керек. Ал, ол биікке осындай қиындықтарды тек сабырлықпен жеңу арқылы ғана жетесің деген ақылы, мені серпілтіп, алдағы жұмыс күндеріме деген құлшынысымды арттырды. Бар ғұмырын құқық қорғау саласында өткен тәжірибелі, өмірден көрген түйгені көп әкем, мен үшін әр уақытта осылайша, кеңес беріп, қолдап, қорғап, асқар таудай тірек болып келеді. Еңбек жолын 1971 жылы Сырдария аудандық арнайы комендатураның милиционері болып бастаған әкем, облыстық ішкі істер басқармасында, облыстық ішкі істер департаментінде, облыстық полиция департаментінде түрлі лауазымдық міндеттерді атқарған. Ішкі істер саласының барлық сатысынан өтіп, соның ішінде қылмыстық атқару саласында да, өзіндік өрнегін қалдырды. Жамуров Серікбай Қойшыбайұлы бүгінгі таңда, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник, зейнеткер,11 немеренің атасы.
Ел игілігі үшін, иіліп жүріп жұмыс жасаған ата-анамның өмірдегі де, отбасындағы да азаматтық тұлғасы біздерге, яғни төрт баласы үшін үлгі-өнегенің ұясы болды. Төртеуіміздің де бүгінгі жеткен жетістігіміз сол кісілердің ұлағатты өмір салтын ұстануының нәтижесі деп білемін. Үлкен ағам, Жамуров Қайрат Серікбайұлы Қаржы Полициясының зейнеткер подполковнигі. Үлкен апам, Жамурова Лаура Көші-қон полициясының подполковнигі. Ал,кіші апам, Жамурова Венера ауыл-шаруашылық университетінің профессоры. Барлығымыздың да жоғарғы білім алып, өмірде өз орнымызды тауып, таңдаған мамандығымыз иесі болғандығымыз үшін ата-анамызға қарыздармыз, деп Қанат отбасы туралы мақтанышпен,тебірене әңгімелеп берді.

Қанаттың өзі де, бүгінгі күні үш перзентінің үлгі тұтар әкесі. Еңбегі еленіп, “ҚР полициясының 25 жылдығы”, “Мінсіз қызметі үшін”, “Қылмыстық атқару жүйесінің үздігі”, “Қылмыстық іздестіру қызметіне 100 жыл” орден, медальдарымен марапатталған. Өмірлік серігі Ғалия Ибрагимова  да, ұрпақ тәрбиелеу ісіне белсене араласып жүрген үздік педагог, педагогика ғылымдарының магистрі. Үлкен шаңыраққа ие болып, қарт ата-аналарына құрмет көрсетіп, бағып-қағып отырған Қанат пен Ғалия екі ұл, бір қызына ата-аналарындай, жеке бас қасиеттерімен, күнделікті өмірлік адамгершілік ұнамды әдет-дағдыларымен, өнегеліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан жандар. Балалары да үріп ауызға салардай сүп-сүйкімді, оқу озаттары. Жеткен жетістіктері де баршылық. Полковник атасы мен подполковник әкесіндей құрыш білекті, болат жүректі еліне сүйеу болар азамат болып өскісі келеді.
Милиционер әкеден тараған Жамуровтар әулетінің ішкі істер саласындағы ұлағатты ғұмыры осылайша, ұрпақ жасампаздығымен жалғаса береді деп ойлаймыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру