Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде ҚАЖ департаменті бастығы болашақ әріптестеріне диплом мен лейтенант шенін табыстады

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің бастығы Алмас Шамишев, ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын ҚАЖ саласы бойынша аяқтаған Ақтөбе облысының жеті түлегіне диплом және лейтенант шенін табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Карантин жағдайына байланысты, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің алаңында санитарлық талаптарға сай өткізілген салтанатты шараға академия түлектерінің ата- аналары да қатысты.

– Құрметті түлектер, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаменті атынан және өз атымнан жоғары оқу орнын табысты аяқтауларыңызбен құттықтаймын. Сіздер бүгін алғашқы офицер шенін алып, құқық қорғау саласына үлес қосқалы отырсыздар.
ҚАЖ саласындағы қызмет- сынаққа толы, әрі жауапкершілігі жоғары. Осы орайда, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатарын толықтыра отырып, ІІМ жоғары оқу орнының қабырғасында алған білімдеріңізді осы саланы дамыту үшін, сондай- ақ, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға және елдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға лайықты үлес қосатындарыңызға және Отанымыз- Қазақстан Республикасына абыроймен қызмет ететіндеріңізге сенімдімін.
Осы атаулы күнде сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, құт-береке, бақыт пен сәттілік тілеймін!- деген Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев, болашақ әріптестеріне дипломдар мен лейтенант шешін салтанатты түрде табыстады.

Өз кезегінде, түлектердің ата-аналары атынан сөз алған жас лейтенанттың анасы Ақылай Омарғалиева:
– Балаларымыз бүгіннен бастап, бүкіл елдің тыныштығы үшін қызмет ететін үлкен жауапкершілік жүгін мойындарына алып жатыр. Осыншама қиын да, жауапты Қылмыстық- атқару жүйесі саласында, оның ішінде жаза өтеу орындарындағы сотталғандармен қарым- қатынаста жұмыс істеу оңай емес. Бірақ, балаларымыз өздері кірісетін қызметтерін абыроймен атқарып, елдегі қоғамдық тәртіпті сақтау жолында үлес қосады деп сенеміз!- деп, осынау маңызды шараны қызмет орындарында ұйымдастырғандары үшін Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығына алғысын білдірді.


Енді ғана академияны бітірген жас лейтенанттарға Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты мекемелерде қызмет ететін орындары дайын тұр. Нақтырақ айтқанда, жеті түлектің үшеуі- Астана, Алға және Қандыағаш пробация қызметтерінде қызмет ететін болса, бір жас лейтенант – КА-168/1 тергеу изоляторында кадр маманы, ал КА-168/2 түзеу мекемесіне қызметке тұратын үш жас лейтенанттар- жедел уәкіл, жасақ бастығы және инспектор-психолог қызметтерін атқаратын болады.

– ҚАЖ саласында қызмет ету менің бала күннен бергі арманым болатын. Академияда оқып жүрген кезімде осы Ақтөбе облысы бойынша Астана аудандық пробациясы қызметінен іс-тәжірибеден өтіп, тәжірибе жинақтадым. Төрт жыл бойы алған білімімді осы саланың дамуына қосатын боламын, – дейді жас лейтенант Мадина Мадиханова.

Айта кетейік, іс- шара барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісі күніне орай, Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың қолынан міндеттерін үлгілі атқарғаны және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің және оған бағынысты мекемелердің бірқатар қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру