Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Министр Алматы облысында қаза тапқан полицейлердің отбасыларына мемлекеттік наградалар тапсырды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаппай тәртіпсіздік кезінде қызметтік міндеттерін атқару үстінде қаза тапқан полиция қызметкерлері Дархан Барғанаев пен Ербол Ержанов “Айбын” орденімен марапатталды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев олардың отбасыларына мемлекеттік наградаларды табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Біздің әріптестеріміз, полиция лейтенанты Дархан Барғанаев және әділет прапорщигі Ербол Ержанов өмірінің соңғы сәтіне дейін Отанға, халыққа деген адалдығын абыроймен көрсетті. Олар біз үшін әрқашан Отанға адал қызмет етудің, ерліктің және парызға беріктіктің үлгісі болады”, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Ол ішкі істер органдарының қызметкерлері қызмет борышы бойынша әрдайым қылмысқа қарсы күрестің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алдыңғы қатарында екенін атап өтті. Полицейлердің күнделікті жұмысы өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді. Қиын жағдайларда қызметкерлер бірнеше секунд ішінде жауапты шешімдер қабылдауға мәжбүр, кейде олардың кейбірі адам өмірімен байланысты болып жатады.

Әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, сондай-ақ, мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерліктері үшін Алматы облысы бойынша ҚАЖД-нің ЛА-155/16 мекемесінің қызметкері Ербол Ержанов III дәрежелі “Айбын” орденімен, Алматы облысы ПД Жедел қимылдау арнайы жасағының қызметкері Дархан Барғанаев II дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды.

Ербол Ержанов ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет атқарды. Ол жас қызметкерлерге тәлімгер болды және екі баланы тәрбиелеп отырған кәсіби, адал қызметкер ретінде көпке үлгі болды.

Дархан Барғанаев ІІО жүйесінде қызметін 2011 жылы бастады. Қызмет еткен жылдары ол өзінің кәсібилігін арттырып, қауіпсіздікті жақсартуға ұмтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру