Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Моншада ақша ұрлаған жетісайлық ұсталды

Түркістан облысында моншада өзгенің ақшасын ұрлап кеткен тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен демалыс күндері Жетісай АПБ-на Мақтаарал ауданының тұрғыны хабарласады. Ер адамның айтуынша, Жетісай қаласы М.Әуезов көшесі бойында орналасқан моншаның жалпы бөлімінде шомылып жатқан кезінде, оның сырт киімінің қалтасында тұрған әмиянының ішінен ақшасы ұрланған. Яғни, белгісіз біреу жәбірленушінің киімдері тұрған сөренің аузын бұзып ашып, қалтасын қарап, ішіндегі 54 мың теңгесін қолды еткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен СДТТБТ-не тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Аталған ұрлық қылмысын ашу мақсатында, Жетісай АПБ жергілікті полиция бөлімшесі және криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен тиісті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Куәгерлерден жауап алынып, бейнебақылау камералары тексерілді. Соның нәтижесінде, күдіктінің түр-әлпеті анықталып, сол арқылы оның аты-жөні мен тұратын мекенжайы белгілі болды. Тәртіп сақшылары оны ұстау шараларын тез арада атқарды. Өзгенің ақшасын жымқырған жергілікті тұрғын, жасырынып жүрген жерінен, компьютерлік клубтан табылып ұсталып, АПБ-ге жеткізілді.

Тергеу барысында күдікті өз кінәсін толығымен мойындады. Моншадан шыққан ол қасында ешкім жоқтығын пайдаланып, өзгенің сөресін ашып, қолына ілккенін алып кеткен көрінеді. Ақшаның бір бөлігін өз қажеттілігіне жұмсап жіберген болып шықты. Бас шарасы қолхатта. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға көпшілік орынға барған кезде, өздерінің бағалы заттарына, әмиян мен оның ішіндегі ақшаларына, ұялы телефон мен алтын бұйымдарына сақ болуды ескертеді. Ондай заттарды кісі көзіне түсетін жерлерде ұстамай, мүмкіндігінше ішкі қалталар мен бейнебақылау камералары бар орындарда сақтауға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру