Мотокөлік бақылауда: Павлодарда полиция рейдтік іс-шараларды жалғастыруда
Павлодар облысында полиция қызметкерлері мотокөлік құралдарының жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылау бойынша рейдтік іс-шараларды жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу.
Мәселен, Ақтоғай ауданында өткен рейд барысында Мүткенова ауылында полиция қызметкерлері LTM 200-M9 және Sonlink екі мотоциклді тоқтатты.
Приреченск ауылында Sonlink мотоциклінің жүргізушісін тексеру кезінде көлік құралының тіркелмегені және жүргізушінің оны басқару құқығы жоқ екені анықталды.
Харьков ауылында LTM 150 және LTM 200 тағы екі мотоцикл анықталса, Қожамжар ауылында LTM 200 мотоцикл тоқтатылды. Оның да тіркелмегені және жүргізушінің көлік құралын басқару құқығы жоқ екені белгілі болды.
– Барлық факті бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылды. Жыл басынан бері барлығы 234 мотокөлік арнайы айып тұрағына орналастырылды, – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Полицейлер жүргізушілерге көліктің тиісті санатын басқару құқығының болуын, көлік құралын уақтылы тіркеуді және Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
