Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Мүгедектікке шығарып беремін”: түркістандықтан алаяқтық жолмен ақша алған күдікті әйел ұсталды

Түркістан облысында тұрғынға мүгедектікке шығарып беремін деп алаяқтық жолмен ақша алған күдікті әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде бөтеннің сеніміне кіру арқылы алдап, алаяқтық әрекеттерін іске асыратындар қатары көбейген. Түркістан облысының полицейлері осындай оңай жолмен ақша табатын талай алаяқтарды құрықтап жүр.

Мәселен, Кентау  қалалық полиция басқармасының полицейлері мүгедектікке шығарып беремін деген желеумен тұрғынның ақшасын жымқырған күдікті әйелді ұстады.

Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың тамыз айында жергілікті тұрғынның танысы мүгедектікке шығарып беремін деп алдап, құжаттарымен бірге 200 мың теңгесін алған. Осы уақыт аралығында мүгедектікке шыға алмаған, ақшасын қайтара алмаған тұрғын сан соғып қалғанын түсініп, ҚПБ-ға арызданған.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді.

Қалалық полицейлер жәбірленуші арызданған сәтте бірден шұғыл түрде іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, күдікті әйел тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жас әйел болып шықты.

Белгілі болғандай,  күдіктінің тағы бір жәбірленушіні алдап  100 мың теңгеден астам қаржыны иемденген. Сондай-ақ, күдікті деп танылған әйел бұрын ауруханада жұмыс істеген болып шықты. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру