"Несие рәсімдеуге көмектесемін": елордада бірнеше азаматты алдаған күдікті ұсталды
Елордада несие рәсімдеуге байланысты алаяқтық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада алаяқтық схемасын ұйымдастырды деген күдікпен ер адам құрықталды. Ол интернетте кез келген жағдайда несие рәсімдеуге көмектесемін деген хабарландыру жариялаған. Оның ішінде кредиттік тарихы нашар азаматтарға да көмек көрсететінін айтқан.
Қарыз алу үшін күдікті өз қызметі үшін алдын ала төлем талап етіп, ақшаны үшінші тұлғалардың шоттары арқылы аудартқан. Қазіргі уақытта шамамен 10 адам зардап шеккені анықталды.
Алаяқтық әрекет қаржылық аударымдарды талдау барысында әшкереленді. Аталған факті бойынша алаяқтық дерегімен қылмыстық іс қозғалды.
