Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимін бұзған мейрамхана анықталды
Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері карантин режимін бұзушыларды анықтауды жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кейбір азаматтар карантин режимінің шектеу шараларын елемеуді жалғастыруда және санитарлық бас дәрігердің қаулысына қарамастан көңіл көтеру мекемелеріне, дәмханаларға, мейрамханаларға барып жүр.
Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар барысында 70-ке жуық келушілер демалып отырған “ZOLOTO” мейрамханасын анықтады.
Клиенттер әлеуметтік қашықтықты және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамаған.
Мекеменің иесі және келушілер тыйым салынғанды елеместен айналасындағы адамдардың денсаулығына қауіп төндірген. Жиналған материал ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Өткен тәулікте мобильді топ 236 кәсіпкерлік объектілерді тексерді. Карантин режимін бұзудың бес фактісі анықталды.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті мекеме иелері мен келушілердің өздерін немқұрайлы ұстауы індеттің таралуына алып келетінін ескертеді. Карантин режимін бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.