Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық Полиция басқармасы егіздерін мақтан етеді
Нұр-Сұлтан қаласының ПД Сарыарқа ауданының Полиция басқармасында егіздердің үш жұбы қызмет етеді. Олар туралы мақала ҚР ІІМ ведомстволық «Saqshy» газетінде жарияланған болатын, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бір ғана Полиция басқармасында үш егіздің бар екенін білгенде, таңырқап қалдық. Олар – Арнат пен Архат Аман, Ерлан мен Ербол Қасымхановтар және Альмира мен Гүлмира Мырзакеновалар
Кейіпкерлерімізбен әңгімелесе келе, әр жұптағы егіздердің мінезін, психологиясын байқадық. Шынында да сырт келбеттері ұқсас болғанымен, мінез-құлықтары тым бөлек. Әріптестері егіздерді әлі де шатастырады екен, тіпті ренжітіп алмау үшін қос атты бірге айтатын көрінеді.
Былтыр ғана бұқаралық ақпарат құралдарында ақтөбелік сақшылар Марат пен Мират Қарымсақовтар туралы түсірілген сюжет көпті тәнті еткен еді. Оқырмандарымызға егіздерді жақынырақ таныстыру үшін әрқайсысымен жеке-жеке сөйлестік.
Гүлмира мен Альмира Мырзакеновалар
Шен таққан егіздердің бір жұбы Гүлмира мен Альмира 34 жаста, екеуі де полиция майоры. Қазіргі уақытта Сарыарқа ауданының Полиция басқармасында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып жұмыс істейді. Егіздер ішкі істер саласында 2005 жылдан бері қызмет етіп келеді, ал елордамызға осы жылдың шілде айында ғана ауысып келіпті. Бір күнде дүниеге келген арулар бір-бірінен бір сәтке де ажырамаған. Семей қаласының тумалары орта мектепті тәмамдаған соң ҚР ІІМ-нің Ақтөбедегі заң колледжіне (қазір институт) оқуға түседі. Қызметтік жолын да Өскемен қаласында инспектор болып бірге бастаған екен. Астанаға ауысқанға дейін Альмира да, Гүлмира да түзеу мекемесінің әйелдер колониясында бірі жасақ бастығы, бірі теолог-инспектор болып қызмет еткен. Егіздердің таңдауы не себепті ішкі істер саласына түскенін өздері айтып берді.
Альмира:
Мен мамандығымды жақсы көремін және шен тағып жүргеніме қуаныштымын. Біздің үлкен ағамыз бар. Ол кісі де әскери салада жұмыс істейді, бірақ қорғаныс министрлігінде. Мамандығы – әскери ұшқыш. Шығыс Қазақстанда жұмыс істеп жүріп, Қарағандыдағы Б.Бейсенов атындағы Академияда біліктілігімізді шыңдап, жоғары білім алдық.
Гүлмира:
Біз ішкі істер саласында қызмет етіп, погон таққанымызды мақтан етеміз. Әсіресе, ата-анамыз жетістіктерімізге ерекше қуанады. Біз ювеналдық полиция бөліміндегі қызметке дейін әйелдер колониясында жұмыс істедік. Ол жақтағы жауапкершілік те, жұмыс пен міндет те өзгерек еді. Мен адам өлтірген қылмыскерлермен жұмыс істесем, әпкем террористермен және жат діни ағымда жүргендермен тығыз жұмыс істеді. Ол жақтағы жұмыс үлкен психологиялық дайындық пен стресске төзімділікті талап ететін, – дейді полиция майоры.
Гүлмираның Альмираны «әпкем» дейтіні қызық естілетін шығар. Альмира Гүлмирадан
15 минутқа дүниеге ерте келіпті, сол себепті оны өзінен үлкен санайтын көрінеді. Бала кезде бір-бірін қатты сезген олар қазір олай емес дейді. Бірде Альмира соқыр ішек болып ауруханаға түссе керек, жақындары сыңарының ауырып қалғанын Гүлмираға айтпапты. Алайда Гүлмираның дене қызуы көтеріліп, мазасыз күй кешіпті. Бұл оқиғаны есейген соң, оларға аналары айтып берген көрінеді. Бала күндерінде бір-бірінен сәл алыстағанда егіздер мұны сезіп, алаңдайтын болған.
Қазір Альмираның он жасар қызы мен алты жасар ұлы бар, ал сіңлісі әлі тұрмыс құрмапты. Қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген қос майор қызметте көтеріліп, тезірек зейнет демалысына шығуды армандайды.
Арнат пен Архат Аман
Сарыарқа ауданы Полиция басқармасындағы жасы кіші егіздер, сақшы қызметіне жаңадан орналасқан Архат пен Арнат – криминалистер. Жас мамандар ақпан айында құқық қорғау мекемесіне тәжірибеден өтуге келіп, пандемияға байланысты карантин басталып кеткен соң, осы жерде қалыпты. Екеуі де Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының түлектері. Арнат пен Архат Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. 2004 жылы отбасыларымен бірге елордаға қоныс аударыпты. Аналары «Ең болмаса, балаларымның біреуі шенді болса екен» деп армандапты. Аяулы аналарының тілегін бала күндерінен естіп өскен егіздер 7-сыныпты аяқтаған соң республикалық «Жас Ұлан» мектебіне тапсырған екен. Орта мектепті бітіргеннен кейін академияда білімдерін шыңдаған. Ішкі істер органдарындағы қызметтері туралы егіздер былай дейді:
Арнат:
Мен сыңарымның барына қатты қуанамын және екеуміздің де осы саланы таңдағанымыз анамыз үшін зор қуаныш болды. Полицей – жауапты мамандық. Алайда жұмыстың оңайы жоқ. Оның үстіне ер азаматқа Отанына адал перзент болу міндеттелген. Меніңше, тәртіп сақшысы – үнемі қоғам мүддесі, ондағы тәртіп пен тыныштық үшін қызмет ететін жан. Ел азаматтары әр түні ұйқыға жатарда өзінің қауіпсіздігі мен тыныштығына сенімді болуы керек.
Архат:
Біз әскери тәртіпке мектеп кезінен дағдыландық. Ең бастысы, жұмысымыз екеумізге де ұнайды. Өмірдің әр сатысына бірге шығып келеміз. Ер бала болғандықтан ба, әлде жаратылысымыз солай ма, білмеймін, кей егіздер сияқты бір-бірімізді қатты сеземіз деп айта алмаймын. Мысалы, Арнат ауырғанда, менде ешқандай өзгеріс болмайды. Яғни физиология тұрғысынан осылай. Ал тамаққа талғамымыз, өмірге көзқарасымыз
бірдей, егіз.
Егіздердің жақындары мен туғандарының арасында погон таққандар жоқ екен. Асқақ армандары мен анасының үкілеген үмітін арқалап келген бозбалалар басшылықтың оң бағасына ие. Егіздердің қызығушылықтары өте көп. Сондай-ақ әңгіме барысында Арнаттың көпшіл, кез келген адаммен тіл табыса алатынын, пысықтығын байқадық. Ал Архат байсалды, салмақты жігіт. Жас сақшылар бос уақыттарын білім алуға, әлем әдебиетін оқуға, жаңа қырларын ашуға жұмсайды. Архат теңбіл доп тепкенді ұнатса, Арнат шығармашылықпен айналысады, сызу сызып, сурет салады. «Бейнелеу өнері демалуыма, ойымды жинақтауға көмектеседі», – дейді ол.
Бір қызығы, Архат пен Арнаттың Айдын және Айдан есімді егіз інілері бар екен. Болашақта ата-анасына өз қолдарымен үй салып, армандарын орындауды мақсат тұтады. Кезекшілікте бір-бірін алмастырып жүретін егіздерді әріптестері ұдайы шатастырады екен. Әр уақыт жаңалыққа ұмтылатын жігіттер үнемі бір-бірімен жарысып жүретіндерін айтты. Осылайша олар бір-бірін жігерлендіріп, биікке ұмтылу үшін намысын қамшылап отырады.
Ерлан мен Ербол Қасымхановтар
Сарыарқа ауданының Полиция басқармасында қызмет ететін үшінші егіздер, 23 жастағы қос азамат – учаскелік полиция инспекторлары. Тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мектепте оқып жүргенде «Жас Ұлан» республикалық мектебіне қабылдау жүріп жатқаны туралы роликті көрген олар алдарына мақсат қояды. Алайда бірнеше жыл қатарынан бақ сынап көрген олар тек үшінші талпынысында оқуға қабылданады. Армандарына адал болған олар республикалық мектепті ойдағыдай аяқтап, ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясына түсіп, жоғарғы білім алады. Академия түлегі атанған соң Қасымхановтар елордадағы Сарыарқа аудандық ПБ-да қызметтеріне кіріседі. Қазіргі уақытта бірі – осы аудандағы №30, екіншісі – №38 учаскенің учаскелік инспекторлары, полиция аға лейтенанттары.
Ерлан:
Мектепте оқып жүрген кезімізде біз кішкентай ғана бөлмеде тұратынбыз. Спорт мектебіне барып, жаттығып жүрдік. Содан бір күні жаттығудан келген соң бейнероликтен «Жас Ұлан» мектебіне қабылдау жүріп жатқанын білдік, бақ сынап көрдік. Алғашқы екі ретінде түсе алмадық, үшінші рет тапсырғанда оқуға қабылдандық. Ең қызығы, Архат, Арнат, Ербол төртеуміз параллель сыныптарда оқығанбыз.
Ербол:
Біз егіздерді бір-бірінен айыруға болмайтындықтан емес, өзіміздің қалауымыз болған соң, осы салаға келдік. Ойлап қарасам, бұл барлық жағынан дұрыс шешім болыпты. Себебі біздің кей достарымыздың тұрақты жұмысы, табысы жоқ. Бос сенделіп жүреді, мақсаттары айқын емес. Ал бізде бәрі керісінше, жұмысымыз бар, айлығымыз да жақсы, пәтерақы да төленеді. Келешекке деген сенім мен жоспар да жетерлік, – дейді полиция аға лейтенанты.
Ерлан мен Ербол әртүрлі учаскелерде қызмет етеді. Алайда егіздер бір-бірімен үнемі ақылдасып, тәжірибе алмасады. Тіпті үйлену тойларын да бір күнде өткізуді армандайды. Соңдарынан ерген қарындастарына қамқорлық танытып, ата-анасының мақтанышына айналып отырған жігіттердің бағындырар биігі әлі алда.