Нұр-Сұлтанда ерлі-зайыптылар бутиктен киім ұрлады
Елордалық тәртіп сақшылары сауда ойын-сауық орталығының бутигінен ұрлық жасаған ерлі-зайыптыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Алматы» ауданы Полиция басқармасы кезекші бөлімінің «102» жедел арнасына елордалық сауда ойын-сауық орталықтарының бірінің қызметкерінен белгісіз тұлғалардың ұрлық жасағаны туралы арыз түсті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстады. 46 жастағы ерлі-зайыптылар кінәсін мойындады. Олар үш дана джинсы костюм мен ерлердің іш киімін ұрлап кеткен. Келтірілген материалдық шығын көлемі 32 415 теңгені құрады.
Тергеу барысында ерлі-зайыптылардың осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 2-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.