Нұр-Сұлтанда той өткізгендер анықталды
Нұр-Сұлтанда мобильді топ екі тойды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен тәулікте құрамында әкімдіктің және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдері бар мобильді топ карантин шектеулерінің сақталуын қадағалау бойынша 139-ға жуық кәсіпкерлік субъектіні тексерді.
Тексеріс жүргізу барысында карантинді бұзған жеті объект анықталды. Олардың ішінде дүкендер, кафе-барлар және спа салондар бар.
Тұран көшесіндегі мейрамханалардың бірінде «Қыз ұзату», екіншісінде 50 жылдық мерейтой ұйымдастырылған. Мейрамханалардың залдары қонақтарға толы болған және олар ешқандай карантин шараларын сақтамаған.
50 жылдық мерейтойға шақырылған қонақтар карантин шаралары мен әлеуметтік қашықтықты мүлдем сақтамаған. «Қыз ұзатуға» келгендер би көрігін қыздырып жатқан. Іс-шараға қарт адамдардан бастап балаларға дейін барлық жастағы қонақтар қатысқаны анықталды.
Құқық бұзушыларға қатысты жинақталған материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
18 қаңтардан бастап әлеуметтік қашықтықты және санитарлық-профилактикалық талаптарды сақтау арқылы қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін (мейрамхана, кафе-барлар және т.б.) рұқсат берілетінін еске саламыз.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті мекеме иелері мен келушілердің бейқамдығы індеттің таралуына алып келетінін ескертеді.