Нұр-Сұлтанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 517 факті тіркелді
Нұр-Сұлтанда отбасылық жанжалқорларға қатысты 428 қорғау ұйғарымы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғылықты жері бойынша 2360 есепке алынған адамды тексерді. Сонымен қатар, 126 қолайсыз отбасы және 660 маскүнем тексерілді.
Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер мас күйінде үй ішінде жанжал шығарған отбасылық жанжалқорды ұстады. Елорда тұрғыны учаскелік инспекторға жүгініп, көмек сұраған. Оның күйеуі мас күйінде үйге келіп, жанжал шығарған. Ер адам сот белгілеген «мінез-құлыққа қойылатын арнайы талаптарды» бұзған. Тәртіп бұзушы жеті тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Сондай-ақ, жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде учаскелік полиция қызметкеріне бір тұрғын спирттік ішімдіктерді жүйелі түрде қолданатын жұбайын 21 күнге наркология орталығына орналастыруға көмек көрсету туралы өтініш білдірілген.
Ағымдағы жылдың 24-30 қаңтар күндері аралығында қала аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында «Тұрмыс» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шара бастау алғалы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 517 факті тіркелді. Сонымен қатар, 428 қорғау ұйғарымы шығарылып, 39 құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талаптар қойылды.