Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нұр-Сұлтанда учаскелік инспектор қайғылы оқиғаның алдын алуға көмектесті

Елордалық полиция қызметкері терезеден құлап кете жаздаған қызды құтқару үшін арнайы ойын ойлап тапқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның «102» арнасына сағат 21.00-де Иманов көшесіндегі бесінші қабаттың ашық терезесінен бала қатты айғайлап, анасын шақырып жатқаны туралы қоңырау түсті.

Оқиға орнына әкімшілік учаскенің учаскелік полиция инспекторлары тез арада жетті.

Полицейлермен аталмыш дерек расталды. Бала терезе жақтауында тұрып, жартылай сыртқа шығып қараған. Сол сəтте учаскелік инспектор Серік Кеңесов жедел түрде бесінші қабатқа көтеріліп, есікті қатты қаға бастайды. Ал оның əріптесі Жомарт Сарсымбаев жағдайды төменнен бақылап қалады. Есік жақтағы дауысты естіген қыз бала терезеден түсіп, есікке қарай жүгірген. Жабық есік арқылы полиция қызметкері қызбен сөйлесіп, тіпті тапқырлық танытып, онымен ойын ойнайды. Олар есікті бірнеше рет қағады, инспектор бүлдіршін оның неше рет қаққанын дəл тапса, сонша тəтті сыйлық алып беремін деп уəде етеді. Осы уақытта құтқарушылар да келеді. Олар пәтерге шатыр арқылы кірген.

Балалардың қауіпсіз жерде екеніне көз жеткізгеннен кейін қызметкерлер олардың анасын күту туралы шешім қабылдайды. Пəтер иесі бір жарым сағаттан кейін келген.

Əйел 2 және 4 жастағы балаларды қалдырып, оларды сыртынан жауып, жұмыстарымен шығып кеткені белгілі болды. Полицейлер балалардың анасымен жас балаларды қараусыз қалдыруға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме өткізді. Ал қыз балаға Серік Кеңесов уәде еткендей тәттілер сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру