Ондаған жылдарға жалғасқан хобби: запастағы офицер өзінің жұмысы туралы әңгімеледі
Қолданбалы өнер шебері Марат Камелиновтың жұмыстарымен облыс орталығының ғана емес, басқа да қалалардың тұрғындары таныс. Алайда талантты қолөнершінің ішкі істер органдарында 14 жыл жұмыс істегенін бірі білсе, бірі білмес, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әртүрлі қалыңдықтағы сым мен ағашты қолдана отырып, запастағы офицер ерекше өнімдер жасайды: нағыз машиналар мен қарулардың модельдері. Марат Советұлы 5 жаста болғанда оның ата-анасы автокөлік сатып алуды армандады. Олардың машина туралы әңгімелерінен шабыт алған кішкентай Марат алюминий сымнан өзінің алғашқы машинасын – «Жеңісті», кейін «Волганы» жасады. Содан бері Марат Советұлы жасаған машиналардың модельдері күрделене түсті.
– Машина жасау кезінде менің басты мақсатым – оны шындыққа мүмкіндігінше жақын ету, ал маневрде сым машинасы кем түспеуі керек. Мен оларды бейнесі мен ұқсастығы бойынша жасаймын, – дейді М.Камелинов.
Марат Советұлы 1965 жылы 29 қыркүйекте Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы Қайнар ауылында (қазіргі Біржан Сал ауданы) дүниеге келген. Машина жасау техникумын бітірген (1980-1984 жж.). 1984-1986 жылдары Забайкальск өлкесіндегі Чита қаласында Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. 1986 жылы политехникалық институттың Қарағанды филиалына «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, кейін Челябинск мемлекеттік техникалық университетіне ауысып, оны 1992 жылы тәмамдады.
1994 жылғы 23 ақпаннан бастап ІІБ-де М.Камелиновтың қызметі басталды. Ол үшін Отан қорғаушылар күні тәртіп сақшыларының қатарына қосылуының символдық мәні болды.
Қызметін Көкшетау облысы ІІБ кадр бөлімінің инспекторы болып бастады. 2000 жылы М.С.Камелинов Қарағанды университетінің филиалына «құқықтанушы» мамандығы бойынша оқуға түсті. Полициядағы қызмет пен ерекше хоббиді біріктіру қиын болды, өйткені жұмыс көп уақытты қажет етті. Запастағы офицер бірнеше жылдар бойы өзінің хоббиімен айналыспағанын мойындайды, бірақ содан кейін оған қайта оралды. 2007 жылғы желтоқсанда Ақмола облысы ІІД көші-қон полициясы басқармасы бөлімшесінің бастығы лауазымынан полиция подполковнигі құрметті демалысқа шықты. Қызмет еткен жылдарын еске ала отырып, Марат Советұлы өзінің тәлімгер әріптестері – Әділхан Хамзин мен Жасболат Хасенов туралы ізгі ниетін, тілектестігін, құзыреттілігін атап өтіп, жылы лебізін білдіреді.
Марат Советұлы құрметті демалыста бола тұра, ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің жұмысына белсенді қатысады. Дойбы ойнайды, нумизматика мен шет тілдерін үйренуді жақсы көреді. 2004 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне шет тілдер факультетіне оқуға түсті. Өкінішке орай, оқуын тәмамдамады. Алайда Марат Советұлы ағылшын тілін үйренуді жалғастыруда және шетелдіктермен сөйлескенді ұнатады. 2005 жылы Астралия, Англия, Шотландия және Қытайдан келген велосипедшілер Қазақстан бойынша саяхаттап, Көкшетауға тоқтады. Марат Советұлы шетелдік қонақтарға оның үйіне барып қонуды ұсынды. Жылы қабылдау мен Камелиновтар отбасымен бірге Бурабайға сапар шетелдіктерге ұмытылмас әсер қалдырды. Бірнеше жылдан кейін сол саяхатшылардың бірі Марат Советұлын әлеуметтік желіде тауып алып, хат жазған. Стивтің айтуынша, ол көптеген елдерде болған, бірақ оған қай жерде ұнағаны туралы сұрағанда, ол Қазақстанда деп жауап берген.
Марат Советұлы түрлі көрмелерге ықыласпен қатысады. Оның машиналары мен тапаншалары әрдайым балалар мен ересектерді қоса алғанда, ынталы көрермендер тобын жинайды. ІІО ардагерінің кейбір жұмыстары полиция департаментінің мұражайында сақтаулы. Шебер өзінің ерекше өнімдерін гаражда сақтайды, олар үшін арнайы сөрелер жасайды. Камелинов машиналарының ішінде жылжымалы кран, тіркемелер, джиптер, мотоциклдер бар, платформасы 360 градусқа айналатын, ал өзі тетік есебінен жұмыс істейтін экскаватор бар. «Магирус 232 Д19 К» машинасы – оның коллекциясындағы ең күрделі машиналардың бірі. Магирусты ол 1978-1979 жылдары «За рулем» журналындағы барлық мәліметтерді мұқият зерттеп жасады. Марат Советұлы әрбір бұйымға өз жанының бір бөлігін салады. Сондықтан ол өз машиналарын сүйікті немесе сүйікті емес деп бөлмейді.
– Мен көптеген жұмыстарымды сыйға тарттым. Сондықтан олардың қанша жасалғанын санау өте қиын. Мүмкін, шамамен екі мың. Қазіргі кезде жұмысқа қолайлы материалды табу қиын. Өндіруге кететін уақыт модельдің күрделілігіне байланысты. Мысалы, егер мотоциклді бірнеше сағат ішінде жасауға болатын болса, онда ауылшаруашылық техникасының моделін жасау 4-5 күнге созылуы мүмкін, ал ең қиыны – рөл жасау, – дейді инженер.
Запастағы подполковник белсенді адам, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 14 жылдан астам уақыт бойы «Камаз-Инжениринг» АҚ инженер болып жұмыс істеп келеді. Марат Советұлының жұмыс кабинетінде сымнан жасалған камаздың дәл көшірмесі бар: оның кабинасы шалқайып ашылады, рөл жұмыс істейді, дөңгелектері айналады. Мамыр айында М.С.Камелинов «Сенім 2022» республикалық байқауында «Еңбекті қорғау бойынша үздік инженер» номинациясында 1-орынды жеңіп алды. Бұл конкурс кәсіпорын қызметкерлерінің өндірістік жарақаттануы мен кәсіптік ауруға шалдығуының алдын алудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында өткізіледі. М.Камелинов дипломды елордада алды.