Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Түркістан облысында полицейлер жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне “Жетісай-Мақталы” тас жолы бойында белгісіз ер азаматтың денесі жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен. Полицейлер аталған хабарламаны тексеру барысында, түнгі уақытта “Жетісай-Мақталы” бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолының 27/42 шақырымында жолды кесіп өтпек болған ер адамды белгісіз көлік соғып кетіп, оқиға болған жерден бой тасалағанын анықтады. Апат салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмады.

Аталған жайт Жетісай АПБ СДТТБТ-не ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) және 347-бабы (Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тіркелді. Белгісіз мәйітке қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның Шардара ауданының тұрғыны екені белгілі болды.

Тәртіп сақшылары жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында, барлық қажетті шараларды жүргізді. Оқиға орнын қарау барысында, белгісіз автокөліктің айна сынықтары, тағы басқа да дәлелдемелер алынып, соның нәтижесінде адам қаққан көліктің сұр түсті “Нексия” екені анықталды. Содан кейін Жетісай АПБ кезекші бөлімшесіндегі база арқылы аудан бойынша тіркелген сұр түсті автокөліктердің тізімі шығарылды.

Полицейлер кезекпен-кезек үйлерді аралап, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Жүйелі жұмыстардың арқасында бір тәулікке жетпей кінәлі жүргізушінің тұрғылықты мекенжайы анықталып, ұсталды. Оның құжаттарын тексеру кезінде, жүргізуші куәлігінің мерзімі өткені және көлік ұлының атында тіркелгендігі айқындалды. Осылайша құжатсыз көлік басқарып, жол-көлік оқиғасын жасаған, оқиға болған жерден бой тасалаған жүргізуші АПБ-не жеткізілді. Көлігі айыптұраққа қойылды. Қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері, жол қозғалысына қатысушыларға жолда абай болуға және жол қауіпсіздігі ережесін бұзбауға, жылдамдықты асырмауға, қашықтықты сақтауға, ал жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан кетпеуге кеңес береді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге тек белгіленген орындардан ғана өтуді ескертеді. Егер де, сіз, жол-көлік оқиғасына қатысушы немесе куәгер болсаңыз, шұғыл “102” телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру