Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ордабасы ауданының полицейлері қарияларға қолғабыс етті

Түркістан облысы Ордабасы ауданының полицейлері қарияларға қолғабыс етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің полицейлері аудандағы көмекке мұқтаж қариясы бар үйді “Алғыс айту” күнімен құттықтап қайтты. Жұбайы бірінші топ мүгедегі, өзі жұмыссыз жасы сексенге таяған ананың ауласын қалыңдап кеткен қардан және кіріп шығатын есік алдына тоңып қалған мұздардан тазартты. Сондай-ақ ауладағы ретсіз қойылған заттарын жиыстырып, қолғабыс етті. Отбасыларына әркез келіп көмектесіп, азық-түліктер табыстап тұратын қамқоршы қызметкерлерге ақ самайлы ана Нағима Игісінқызы кезекті рет өз алғысын айтты.

– Бұл балалар үнемі келіп біздің жағдайларымызды біліп,  көмектесіп,  бізге не керек болса соны сұрап тұрады. Барлық уақытта көмегін аямайды. Біз де осы полицейлерге жақсылық тілейміз. Полиция бөлімінің басшыларына, ұжымдарына алғысымызды айтамыз. Алғыс айту күнімен құттықтап жатқандарыңызға көп-көп рақмет. Барлық уақытта жақсылық болсын, қызметтерің жоғарылай берсін. Дендерің сау болып, жанұяларыңмен аман жүре беріңдер. Рақмет!, – деді.

Осы сәтті пайдалана отырып, Түркістан облысы Ордабасы аудандық полиция бөлімінің полицейлері де барша халықты ең мейірлі мерекемен құттықтайды. Алғыс айту күнінде барлық адамды жақындарына ризашылықтарын жеткізуге шақырады. Барша азаматтың бақытты сәттері көп болсын деп тілек білдіреді. Алғыс айту күні құтты болсын!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру