Өскемен тұрғыны ойын консолін жалға алып, “жоғалып кеткен”
Өскемен тұрғыны ойын консолін жалға алып жоғалып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үлбі полиция бөліміне облыс орталығының 22 жастағы тұрғыны жүгініп, алаяқтықтың құрбаны болғанын хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз жас жігіт одан жарты миллион теңге тұратын ойын консолін жалға алған. Алайда, белгіленген мерзімде ол мүлікті оған қайтармаған.
Өтініш беруші құрылғыны өз бетінше қайтаруға тырысқан, алайда жалға алушы оны қайтаруға асықпаған. Ер адам полициядан көмек сұраған.
Іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған. Ол қаланың 22 жастағы тұрғыны болып шыққан. Тәртіп сақшылары ұрланған ойын консолін тәркілеген.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігінде (Алаяқтық) көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.