Өскеменде полиция металл қабылдау пунктінен 200 келіден астам мыс ұрлау дерегін ашты
Өскеменде полиция металл қабылдау пунктінен 200 келіден астам мыс ұрлау дерегін ашты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығында Ертіс полиция бөлімінің қызметкерлері металл қабылдау пунктінің аумағынан мыс ұрлау дерегін ашты. Ұрланған металдың жалпы салмағы 217 келіні құрап, келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгеден асты.
Бірнеше қап мыс жоғалғанын полицияға сол жердің иесі хабарлаған. Анықталғандай, түнде белгісіз адам нысан аумағына артқы жағынан кірген. Кейіннен қойма бөлмесіне өтіп, ол жерден металл салынған 8 қап ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер ұрлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген адамдарды анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, олар ұрланған мыс аумақтан автокөлікпен шығарған және әрі қарай сатуды көздеген.
Келтірілген шығын көлемі 1 085 000 теңгені құрады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция нысан иелерін мүлікті тиісті күзетсіз қалдырмауға шақырады. Әсіресе түнгі уақытта аумақтар мен ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөлу қажет.
