Өскеменде полиция жағажайда жасалған бірнеше ұрлық фактісін ашты
Облыс орталығының полицейлері қала аумағында, оның ішінде қалалық жағажайда жасалған бірнеше ұрлық фактісін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті демалушылардың заттарын қараусыз қалдырған сәтін пайдаланып, жағажайдан сөмкені ұрлап кеткен. Сөмкенің ішінде iPhone 14 Plus телефоны мен Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінің кілттері болған.
Кейін ол кілт арқылы көлікке кіріп, салоннан ішінде iPhone 14 Pro телефоны болған барсетканы алып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 410 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
