Өскеменде сөреден сөмке ұрлаған азамат ұсталды
Өскеменде ет павильонының сөресінен сатушының сөмкесін қолды қылған күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз айының басында Өскемен қаласының ПБ Ертіс полиция бөліміне 42 жастағы қала тұрғынының сөмкесінің ұрланғаны туралы ақпарат келіп түсті. Ұрлық қаладағы ет павильондарының бірінде орын алған. Сөмке тауық өнімдерін сату бөлімінің сөресінен ұрланған. Сөмкеде сатушының жалпы құны 180 000 теңге тұратын екі ұялы телефоны, сондай-ақ банк картасы салынған әмиян мен жеке куәлік болған. Келтірілген шығын 180 000 теңгені құрады.
Бұл факт бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға қатысы бар бұрын бірнеше рет сотталған Глубокое ауданының 40 жастағы тұрғынын ұстады, ол жауап алу кезінде қылмысын мойындады. Ұрланған мүлік тәркіленді.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.