Өскеменде жұмыс істеуге рұқсаты жоқ 12 шетелдік азамат жауапқа тартылды
Рейдтік іс-шаралар өткізу барысында «Заңсыз келуші – 2023» ЖПІШ аясында көші-қон қызметінің қызметкерлері Өскеменде заңсыз жұмыс істейтін 12 Өзбекстан азаматын анықтады, – деп хабарлаған Polisia.kz.
ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының айтуынша, шетелдіктер уәкілетті мемлекеттік органның тиісті рұқсатынсыз заңсыз жұмыс істеген. Барлық 12 бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-ші және 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жұмыс беруші әкімшілік кодекстің екі бабы, яғни шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту және шетелдіктердің болуы туралы хабарламау бойынша жауапқа тартылды. Ол 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді, – деді ШҚО ПД КҚҚБ бастығының міндетін уақытша атқарушы Ринат Шкибаев.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан аумағында еңбек қызметін рұқсат беретін құжаттарсыз жүзеге асыратын 40 шетелдік азамат анықталды.
Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік азаматтардың уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметіне тыйым салынатынын ескертеді.