Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде жазғы спартакиада өтті
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде жазғы спартакиада өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №46 орташа қауіпсіздік мекемесінде балаларды қорғау халықаралық күніне орай жазғы спартакиада өтті. Бұл тек спорттық жарыс қана емес, қатысушылар үшін ерекше маңызға ие шара болды. Өйткені басты марапат медаль немесе грамотамен шектелмей, балаларына қосымша қысқа мерзімді кездесу мүмкіндігін сыйлады.
Сотталғандар түрлі спорт түрлерінен сынға түсіп, командалық рухын, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік қатысушылар мекеме әкімшілігінің грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды.
Алайда ең әсерлі марапат – белсенділік танытқан әкелерге берілген балаларымен қосымша қысқа мерзімді кездесу құқығы болды. Қоғамнан оқшауланған адамдар үшін өз баласын құшақтап, онымен жүздесу – кез келген марапаттан қымбат.
– Бұл шараның мақсаты – сотталғандардың әлеуметтік пайдалы байланыстарын нығайту, олардың дүниетанымын өзгерту және салауатты өмір салтын насихаттау, – деді №46 мекеме бастығының орынбасары Арман Сүлейменов.
Спартакиада сотталғандарға күнделікті өмірден серпіліс алып қана қоймай, өз өміріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Спорт олардың команда мүшесі ретінде жауапкершілікті сезінуіне және ортақ мақсатқа ұмтылуына ықпал етті.
Жарысқа қатысқан сотталғандардың бірі футболдан өткен тартысты бәсекеде өз командасына жеңіс әкелген шешуші голдың авторы болды.
– Мұндай жарыстар күнделікті бірсарынды тіршіліктен алыстатады. Өзіңді жай ғана есептегі адам емес, команданың бір мүшесі ретінде сезінесің. Бұл өзгеруге және алға ұмтылуға ынталандырады. Мен үшін ең басты марапат – баламмен қосымша кездесу мүмкіндігі. Осындай жағымды сәттер жаңа өмірге қадам басуға күш береді. Болашақта ұлым әкесін мақтан тұтса екен деймін, – деді ол.
Осындай бастамалар адамның түзелуі тек шектеулер арқылы емес, адамгершілік құндылықтарды сақтап, отбасы байланыстарын нығайту арқылы жүзеге асатынын көрсетеді. Ал кәмелетке толмаған балалармен қосымша кездесу мүмкіндігі – өткендегі қателіктер мен болашақтағы жаңа өмірдің арасын жалғайтын маңызды көпір.
