Павлодар облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері акция ұйымдастырды
Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің қызметкерлері бостандыққа шыққан және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету мақсатында “Қайырымдылық қорабы” акциясын ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция аясында мұқтаж азаматтарға азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті заттар таратылды. Бостандыққа шыққан азаматтарға қолдау көрсету — олардың қоғамға бейімделуіне және қалыпты өмірге қайта оралуына бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.
Сонымен қатар жүйелі түрде көмек көрсету және өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында “Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру” орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат аясында азаматтарды қайта әлеуметтендіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімдеу бағытында бірлескен жұмыстар жүргізілетін болады.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінде мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатыны, ал қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау қызметтің маңызды бағыттарының бірі болып қала беретіні атап өтілді.
