Павлодар облысында 1,5 млн теңге алимент төлемеген әке сотталды
Павлодар облысында 1,5 млн теңге алимент төлемеген әке сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тереңкөл ауданының тұрғыны 2019 жылдан бастап баланы асырау бойынша алименттік міндеттемелерін орындамаған. Ер адам алименттер бойынша пайда болған берешекті өтеуге және оларды ай сайын төлеуге бағытталған бір де бір шара қабылдамаған. Сот актілерін орындау міндеттілігі туралы сот орындаушыларының жазбаша хабарламалары мен ескертулерін елемей, жұмысқа орналасқысы келмеген.
Ер адам ҚР ӘҚБтК 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК, яғни 14 585 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылған. Алайда содан кейін де кәмелетке толмаған қызын асырауға алимент берешегін өтеу үшін тиісті шаралар қолданбаған. Солайша, биылғы жылдың басында жалпы қарызы 1,5 млн теңгеге жеткен.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сот шешімімен оған жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде 100 сағат мерзімге мәжбүрлі еңбекке тартыла отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.