Павлодар облысында абаттандыру ережесін бұзған тұрғын жауапқа тартылды
Павлодар облысында полицейлер абаттандыру ережелерін бұзу фактілерін анықтау және олардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, Екібастұз қаласында КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісі Беркімбаев көшесіндегі тұрғын үйдің ауласына қоқыс түсірген. Осылайша, ол елдімекен аумағын абаттандыру талаптарын бұзған.
Аталған факті бойынша азаматқа қатысты әкімшілік материал толтырылып, оған абаттандыру ережелерін сақтау қажеттігі түсіндірілді. Көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Жыл басынан бері облыста абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 5671 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция азаматтарды, ұйым басшылары мен жеке кәсіпкерлерді белгіленген талаптарды сақтап, өздеріне тиесілі және іргелес аумақтардың тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Абаттандыру ережелерін сақтау – елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне ортақ үлес.
