Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ағаш өңдеу өндірістік учаскесі іске қосылды

Павлодар облысында ағаш өңдеу өндірістік учаскесі іске қосылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №46 республикалық мемлекеттік мекемесінде жеке кәсіпкер “Рамазанмен” ынтымақтастық аясында жаңа ағаш өңдеу өндірістік учаскесі – аралау цехы іске қосылды. Бұл жоба мекеменің өндірістік әлеуетін арттырып, сотталғандарды қоғамдық пайдалы еңбекке кеңінен тартуға мүмкіндік береді.

Жаңа өндірістік учаскеде 6 сотталған еңбекпен қамтылған. Олар қарағайдан дайындалатын дөңгелек ағашты өңдеп, құрылысқа арналған ағаш тұғырлар (поддондар) мен сыртқы дәретханалар дайындайды. Өндірістің ай сайынғы қуаттылығы – 100 құрылыс тұғыры және 30 сыртқы дәретхана.

Жұмысқа кіріспес бұрын барлық сотталғандар еңбек қауіпсіздігі талаптары бойынша міндетті оқытудан және нұсқамадан өтеді. Сонымен қатар олар ағаш өңдеу ісі бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, сұранысқа ие жұмысшы мамандығын игереді.

Еңбек ақысы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес төленеді. Табыстың бір бөлігі талап қою міндеттемелерін өтеуге бағытталады.

Өндірістік учаскенің ашылуы сотталғандарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың еңбекке деген жауапкершілігін қалыптастыруға, кәсіби дағдыларын дамытуға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға табысты бейімделуіне ықпал етеді.

Аталған жоба Қазақстан Республикасының “Қылмыстық-атқару жүйесі туралы” Заңының сотталғандарды еңбекпен қамту жөніндегі талаптарын іске асыру мақсатында жүзеге асырылып отыр және олардың түзелуі мен қайта әлеуметтенуінің маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру