Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында алименттен жалтарғандарға рейд жүргізілді

Павлодар облысында алименттен жалтарғандарға рейд жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғау органдары кәмелетке толмаған балаларының алдында алимент бойынша берешегі бар ата-аналарды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.

– Жыл басынан бері қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде алимент төлеуден жалтарып жүрген 113 адам анықталды, – дейді облыстық көші-қон қызметінің бастығы Александр Кузьменко.

Мәселен, полиция қызметкерлері ажырасқаннан кейін кәмелетке толмаған баласының тәрбиесіне қатысуды тоқтатып, ұзақ уақыт бойы алимент төлеуден жалтарып, сот орындаушысынан бой тасалап жүрген ер адамды анықтады. Оның жалпы берешек сомасы шамамен 6 млн теңгені құрайды. Сот шешімін орындамағаны үшін борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 15 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындалды.

Полиция азаматтарға балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті екенін тағы да еске салады. Ал кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру