Павлодар облысында полицейлер тұрғындардың үйлерін аралап, қауіпсіздік мәселесін талқылады
"Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ақсу қаласының полиция қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру және көмекке мұқтаж азаматтарды дер кезінде анықтау мақсатында пәтерлерді аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаскелік инспекторлар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға ерекше көңіл бөледі. Аралау барысында полицейлер тұрғындарға медициналық, психологиялық, әлеуметтік немесе өзге де көмек қажет екенін анықтап, қажет болған жағдайда тиісті қолдау алу үшін қайда жүгінуге болатынын түсіндіреді.
– Мұндай аралау жұмыстары проблемалық жағдайларды дер кезінде анықтауға ғана емес, учаскелік инспектор мен тұрғындар арасында тұрақты байланыс орнатуға да мүмкіндік береді. Азаматтардың өз учаскелік инспекторын танып, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда оған жүгіне алуы маңызды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Максим Кустанов.
Профилактикалық жұмыстар барысында полицейлер тиісті аумаққа бекітілген учаскелік инспектор туралы мәліметтер көрсетілген ақпараттық жадынамаларды да жаңартады. Онда тұрғындарға қажет болған жағдайда полиция қызметкерімен жедел байланысуға мүмкіндік беретін қажетті ақпарат қамтылған.
Пәтерлерді аралау – тек профилактикалық шара ғана емес, сонымен қатар полицейлердің тұрғындармен тікелей сөйлесіп, олардың мәселелерін білуіне және қажет болған жағдайда шешілуіне ықпал етуіне мүмкіндік беретін тиімді жұмыс түрі.
Полиция тұрғындарды өз қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, бейтаныс адамдардан келетін ақпаратқа сақтықпен қарауға және қажет болған жағдайда дер кезінде көмекке жүгінуге шақырады.
