Павлодар облысында полицейлер жол қауіпсіздігін күшейтті
Ақсу қалалық полиция бөлімінде жеке құрамның саптық жиыны өтті. Жиын барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындау мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бөлім басшылығы полиция қызметкерлеріне алдағы кезеңге қойылған міндеттерді жеткізіп, қызметтің негізгі бағыттарын айқындады. Әсіресе құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың жолын дер кезінде кесу және профилактикалық жұмыстарды күшейтуге баса назар аударылды.
Жиыннан кейін полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шараларға кірісті. Полицейлер жүргізушілердің белгіленген талаптарды сақтауын тексеріп, қажетті құжаттарының болуына және көліктердің техникалық жағдайына назар аударды.
Рейд барысында көлікті мас күйінде басқару, сондай-ақ көлік жүргізу құқығы жоқ адамдардың рөлге отыру фактілерін анықтау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға мән берілді.
Полиция қызметкерлері мұндай профилактикалық шаралардың жол қозғалысы тәртібін нығайтып, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Ақсу қаласында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік және профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр.
– Мұндай рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, ең алдымен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жүргізушілердің тәртібін арттыруға және жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Айдар Сламбеков.
