Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицияның жаңа сервистік моделі енгізіледі

Павлодар – қуатты өнеркәсібі бар, әлеуеті мен мәдениеті келіскен өңір. Бұл аймақта полиция қызметін жетілдіру бойынша бірнеше пилоттық жоба жүзеге асырылған. Енді мұнда халық игілігі үшін полицияның сервистік моделі, дәлірек айтқанда, азаматтың сұранысына ден қойып, проблеманы шешуге бағытталған жоба енгізілетін болады. Ол үшін министрлік пен жергілікті әкімдік тарапынан бар жағдай қарастырылған, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

– Биыл наурыз айындағы Жолдауын Мемлекет басшысы елдің дамуы бойынша жаңа басымдықтарды айқындап берді. Онда әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттары айтылды. Қоғамның сұранысы мен саяси ерік-жігер сәйкес келіп, мүмкіндік көздері ашылуда. Бұл ретте полиция да шетте қалмауы тиіс. Өйткені ол күн сайын халықпен байланыста, – деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Полиция департаментінде өткен кездесуде облыс әкімі тәртіп сақшыларына деген тұрғындардың сенім көрсеткішін айқындайтын талдау нәтижелерімен бөлісті. Ол арнайы мамандардың қатысуымен жүргізілген.

– Мен қауіпсіздік мәселелерін, қылмыстық жағдайды талдаудың нәтижелері туралы айтқым келеді. Толық диагностика жасалды. Павлодар тұрғындарының 66%-ы өздерінің учаскелік инспекторларын біледі. Облыс орталығындағы азаматтардың 75%-ы өз қауіпсіздіктері үшін алаңдамайды, – деді Әбілқайыр Сқақов.

Жиында Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерімен қатар Ұлттық сарапшы Назгүл Ерғалиева “Қоғамның сенімін арттыру үшін қазақстандық полицияның қызметіне сервистік модельді енгізу: пайымдау және даму перспективалары” тақырыбында сөз сөйледі. Негізгі міндеттер – құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күрес және азаматтардың сұранысына ден қою болып қала беретінін алға тартқан маман пилоттық жобаның басымдықтарына да тоқталып өтті.

Айта кету керек, шараға елордадан арнайы келген ведомство жанындағы қоғамдық кеңестің мүшелері де қатысты. Олар да орын алып жатқан ішкі өзгерістерге өз бағасын беріп, пікірімен бөлісті.

– Бүгінде жасалып жатқан жұмыстар, көтерілген айлық, қолға алынған әлеуметтік жағдайлар, әрине, сіздерге үлкен жауапкершілік артады. Президентіміз айтқан сервистік полиция іске асып жатыр және нақты, – деді ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Мұрат Әбенов.

Қолға алынып жатқан жаңашылдықпен бірге қызмет сапасы да арта түсетін болады. Қызметкерлерге де сапалы қызмет өткеру үшін бар жағдай жасалуда. Онымен қоса жауапкершілік артып, сұраныстың да өсетінін ұмытпаған абзал.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру