Павлодар облысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактісінің жолы кесілді
Павлодар облысы Шарбақты ауданында шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактісінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заңсыз келуші – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шарбақты ауданының полиция бөлімі қызметкерлері көші-қон заңнамасы талаптарының сақталуын тексеру жұмыстарын жүргізді.
Павлодар облысының Шарбақты ауылында тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметін жүзеге асырған көрші мемлекет азаматтары анықталды.
Болу ережелерін бұзғаны және заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін шетелдік азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан жұмыс берушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция шетел азаматтарын еңбек қызметіне тартуға заңнамада көзделген тиісті негіздер мен рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жол берілетінін ескертеді.
