Павлодар облысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 47 фактісі анықталды
Павлодар облысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 47 фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымы фактілерінің жолын кесуге бағытталған “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Профилактикалық іс-шара барысында полицейлер табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 47 фактісін анықтады, оның ішінде: заңсыз аң аулаудың 30 фактісі, балық аулау ережелерін бұзудың 13 фактісі.
– Заңсыз ағаш кесу фактісі және аңшылық қаруды сақтау, тасымалдау ережелерін бұзудың екі фактісі анықталды. Полицейлер заңсыз ауланған 50 келі балық ресурстарын, құқық бұзушылықтың 2 құралын – шынжырлы араны, айыппұл тұрағына қойылған бір автокөлік құралын тәркіледі. Заң бұзушыға 3 млн теңге айыппұл салынды, – дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Бауыртал орманшылығының “Ертіс орманы” ерекше қорғалатын аумағында заңсыз ағаш кесу фактісі анықталды. Ер адам қарағайдың 5 ағашын кесіп тастады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда заңсыз ағаш кесілгені үшін құқық бұзушы жауапқа тартылды. 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.