Павлодар облысында үздік жас жол инспекторлары анықталды
Павлодар облысында үздік жас жол инспекторлары анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодарда облыстық жас жол инспекторларының слеті өтіп, оған өңірдің қала-аудандарынан келген мектеп командалары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты — жеңімпаздарды анықтау ғана емес, жас ұрпақтың бойында жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.

Слет бағдарламасы аясында оқушылар бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша білім деңгейін көрсетті, велосипедті мәнерлеп жүргізу шеберлігін, реттеуші қимылдарын орындау дағдыларын танытты. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бағытындағы білімдері де бағаланды.

Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады:
1 орын — Ақсу қаласының командасы;
2 орын — Павлодар ауданының командасы;
3 орын — Павлодар қаласының командасы.
Жүлдегерлер мен белсенді қатысушылардың барлығы жауапкершілігі, белсенді азаматтық ұстанымы және талпынысы үшін бағалы сыйлықтармен және естелік марапаттармен марапатталды. Ал Ақсу қаласының командасы Қостанай қаласында өтетін республикалық ЖПИ слетінде облыс намысын қорғау құқығына ие болды.

— Заң мен тәртіпке құрмет жастайынан қалыптасады. Біздің слеттің негізгі мақсаты да осы. Барлық қатысушылар жоғары білімін, шеберлігін және ұйымшылдығын көрсетті. Жас инспекторлар балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға өз үлесін қосып, өз қатарластарына ғана емес, ересектерге де үлгі бола алатынын дәлелдеді, — деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Гүлмира Бейсекеева.

