Павлодар облысында жолдарды тексеру барысында 3380 ақау анықталды
Павлодар облысында жолдарды тексеру барысында 3380 ақау анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл жолдарда 1091 тексеру жүргізіліп, олардың нәтижелері бойынша 3380 ақау анықталды және жолдар мен жол құрылыстарын күтіп-ұстаудағы кемшіліктерді жоюға нұсқама берілді.
Жолдарды қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жолдарда жұмыс жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 174 лауазымды және заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылды, оларға жалпы сомасы 5,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Айта кету керек, жолдардың жағдайы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде – маңызды фактор. Уақытылы және дұрыс қойылмаған жол белгісі, жөндеу жұмыстары жүргізілген жердегі қоршау немесе жол төсемінің зақымдануы да аварияға себеп болуы мүмкін.
– Бұдан басқа, 119 теміржол өтпесі қаралды. Қажетті жол белгілерінің болмауы, дұрыс жарықтандырылмау, жол төсемінің қанағаттанарлықсыз жағдайы негізгі ақаулар болып есептеледі. Тексеру нәтижелері бойынша 25 лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұлдар салынды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің жол-техникалық инспекциясының инспекторы Арман Әбжанов.
Адамдарды тасымалдауды жүзеге асыратын көліктің техникалық жай-күйі де полицияның назарынан тыс қалмайды.
– 100 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, техникалық ақаулары бар көлік құралдарын пайдалануға бергені және пайдалану ережелерінің өзге де бұзушылығы үшін 72 хаттама жасалды. Көлік құралдарын басқару құқығы жоқ не одан айырылған жүргізушілерді көлік құралын басқаруға жіберу фактілері болған. Мас күйдегі жүргізушілерді көлік құралын басқаруға жібергені үшін 15 тәртіп бұзушы жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті полицияда.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция департаментінің ұсынысы бойынша ағымдағы маусымға 12 көшені (Естай, Бектұров, Шөкин, Б.Жырау, М. Жүсіп, С. Торайғыров, Нұрмағамбетов, Сәтпаев, Бекхожин, Ткачев, Астана, Катаев) күрделі жөндеу және 12 қиылыста бағдаршам реттеуді енгізу жұмыс жоспарына енгізілді.
Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын жерлерде «Қызылорда-Павлодар» Республикалық маңызы бар автожолының 74-75 км. жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерлерде жүріс бөлігіне шығуын болдырмау үшін аталған жерді монтаждау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.