Павлодар облысында жыл басынан 8 адам ит шабуылынан зардап шекті
Павлодар облысында жыл басынан 8 адам ит шабуылынан зардап шеккен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында жыл басынан бері иттердің адамдарға шабуыл жасауының 8 фактісі тіркелді. Адамдарды талаған иттердің иелері ҚР ӘҚБтК-нің 407-2-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Ережелерге сәйкес, жеке тұрғын үй-жайлардың иелері иттерді олардың қашып кетуін болдырмайтын жеке ауланың шекарасында ұстауы және ауланың кіреберісінде иттердің бар екендігі туралы ескерту тақтайшасы болуы тиіс. Әйтпесе, қайғылы оқиғалар болуы мүмкін.
– Павлодар полициясына қала тұрғыны жеке секторда иттің тістеу фактісі бойынша жүгінді. Анықталғандай, әйел үйге бара жатқанда, ит оған қарай жүгіріп, оны тістеген. Иттің иесі ҚР ӘҚБтК-нің 407-2-бабы бойынша анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сараптама тағайындалды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері иттер мен мысықтарды серуендету ережелерін бұзғаны үшін 2000-нан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.