Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында жыл басынан бері 459 жүргізуші мас күйде көлік басқарған

Павлодар облысында жыл басынан бері мас күйде көлік басқарған 459 жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен тәуліктің ішінде ғана Павлодар облысында полицейлер көлікті ішімдік ішіп басқарған 6 жүргізушіні анықтады. Жыл басынан бері алкогольдік мас күйде жүргені үшін барлығы 459 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, 17 мамырда Ақсу қаласының патрульдік полиция взводының қызметкерлері Sonlik маркалы мотоциклді тоқтатты, жүргізушіден құжаттарды тексеру кезінде алкогольдің өткір иісі шықты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 22 жастағы қала тұрғыны мас күйінде болған. Сонымен қатар ер адамның жүргізуші куәлігі болған жоқ. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалды.

21 мамырда сағат 00.40-та Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция инспекторлары Сураганов көшесінде BMW көлігін ұстады, оның жүруі полицейлерге күдік туғызды. Ер адам есірткіге мас болған, бұл медициналық куәландыру нәтижелерімен расталды.

– Көлік құралдары айып тұрағына қойылды. Аталған деректер бойынша әкімшілік материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деді Павлодар облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру