Павлодар облысының жолдарында апатты жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтілді
Павлодар облысының жолдарында апатты жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы кезінде апатты жағдай туғызу – ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі. Кейбір жүргізушілер соқтығыс болмаса, заң бұзушылық та жоқ деп есептейді. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер жүргізушінің маневрі басқа қозғалыс қатысушыларын соқтығыстан қашу үшін күрт тежеуге немесе бағыттарын өзгертуге мәжбүр етсе, бұл құқық бұзушылық болып саналады.
Мәселен, Успен ауданына қарасты Рождественка ауылының маңында Volkswagen автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіздік талаптарын елемей, жолда апатты жағдай туғызған. Көлік ағыны тығыз болғанына қарамастан, ол қауіпті маневр жасап, өзге жүргізушілерді соқтығысты болдырмау үшін жылдамдықтарын күрт өзгертуге және қозғалыс бағытын ауыстыруға мәжбүр еткен.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
– Жыл басынан бері өңір жолдарында осындай 200-ге жуық құқықбұзушылық тіркелді. Полиция ескертеді: апатты жағдай туғызу тек айыппұлға әкеліп қана қоймай, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Заң талаптары ең алдымен адам өмірін сақтауға бағытталған. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір қатысушының жауапкершілігі, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.
Ведомство өкілдері атап өткендей, арақашықтық сақтау және маневр жасау ережелерін орындаумен қатар, келесі талаптарды сақтау маңызды: қауіпсіздік белдігін және балаларға арналған арнайы құрылғыларды пайдалану; көлікті дұрыс тұраққа қою, басқа жүргізушілердің көру мүмкіндігін шектемеу; автокөлікте толық жабдықталған алғашқы медициналық қобдиша мен жарамды өрт сөндіргіштің болуы.
Полиция жүргізушілерді барынша мұқият әрі жауапты болуға шақырады. Есіңізде болсын: жол қателікті кешірмейді, ал бір сәттік бейқамдық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
