Павлодар полицейлері тұрғындардан 1 тонна балық тәркіледі
Павлодар полицейлері тұрғындардан 1 тонна балық тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған факт Май ауданының Карасора көлінде болды.
Табиғатты қорғау полициясының инспекторы және балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері Қазан ауылдық аумағынан 45 шақырым жерде орналасқан көл маңын рейдтеу іс-шарасын өткізді.
– 21 қыркүйекте сағат 03.00 шамасында 42 және 49 жастағы жүргізушілердің басқаруыындағы үш автокөлік анықталып, ұсталды. Тексеру барысында Volkswagen Transporter автокөлігінен 367 келі балық, УАЗ автокөлігінен 370 келі балық, Lexus автокөлігінен 339 келі балық тәркіленді. Тәркіленген мөңке балық тұқымының жалпы салмағы 1 тонна 76 килограмды құрады. Шығынның жалпы көлемі шамамен 2 млн теңге. Бұдан басқа, әрбір автокөліктен балық аулау кезінде пайдалануға тыйым салынған қытайлық резеңке қайықтар мен моно желілер табылып, тәркіленді, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Полиция бұл адамдардың балық аулауға тиісті құжаттары жоқ екенін, барлық азаматтар Май ауданының полиция бөліміне жеткізілгенін анықтады.
Заңсыз балық аулау фактісі бойынша ҚР ҚК 335-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды.
Айта кету керек, биыл Павлодарлық полицейлер заңсыз балық аулаудың 6 фактісінің жолын кесті.