Павлодарда абаттандыру қағидаларын бұзған тұрғын жауапқа тартылды
"Таза Қазақстан" жалпыұлттық бастамасы аясында полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын бұзу және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілерінің алдын алу бағытында профилактикалық іс-шаралар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында пабликтердің бірінен Академик Чокин көшесінде абаттандыру қағидаларының бұзылғаны туралы жарияланым анықталды.
Қала тұрғыны жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде құрылыс материалдары мен түрлі заттарды белгіленбеген жерге жинап, абаттандыру талаптарын бұзған.
Аталған дерек бойынша оған қатысты әкімшілік материал толтырылды. Айта кету керек, жыл басынан бері полицейлер абаттандыру саласында 6 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Полиция өңір тұрғындарын тазалық пен тәртіпті сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырады.
Егер сіз ортақ пайдаланылатын орындардың ластануы немесе құрылыс және өзге де қалдықтардың белгіленбеген жерлерге тасталуы фактілеріне куә болсаңыз, бұл туралы дереу "102" арнасына хабарлаңыз.
