Павлодарда бір күнде 22 жеткіншек полицияға жеткізілді
Павлодарда бір күнде 22 жеткіншек полицияға жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 шілдеде Павлодар қаласының полиция бөліміне түнгі уақытта көшеде жүрген 22 кәмелетке толмаған бала жеткізілді.
– Жасөспірімдердің ата-аналары мен заңды өкілдері полиция бөліміне шақырылып, балалардың көшеде заңды өкілдерінсіз жүргені үшін әкімшілік жауапкершілік бар екендігі туралы ескертілді. 8 адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Павлодар қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Мысалы, Толстой көшесінде сағат 23: 40 шамасында түнде серуендеп жүрген кәмелетке толмағандар анықталды. Олардың бірінен алкогольдің иісі шыққан. Медициналық куәландыру көрсеткендей, жасөспірім жеңіл мас күйде болған. Бұған дейін ата-анасы осындай бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған болатын. Бірақ жасөспірім де, оның ата-ана да тиісті қорытынды жасамаған. Оның ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 3-бөлімі бойынша хаттама толтырылды. Баптың санкциясы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәулікке қамауға алуды көздейді.
Спикердің айтуынша, құқықтық тәртіп сақшылары ойын-сауық мекемелерін тексерді, олардың әкімшілігімен түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылыққа жол бермеуі бойынша профилактикалық жұмыс жүргізілді.