Павлодарда болашақ тергеушілерге арналған "Жас заңгер" клубы ашылды
Павлодар облысында құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орнының өзара ынтымақтастығы аясында болашақ тергеушілерді даярлауға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Павлодар облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастамасымен "Toraighyrov University" базасында "Жас заңгер" заң клубы өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жобаның басты мақсаты – студенттерді тергеу қызметінің қыр-сырына ерте бастан баулып, кәсіби тәжірибені теориямен ұштастыру арқылы білікті мамандар даярлау.
"Toraighyrov University" құқықтану кафедрасының аспиранты, аға оқытушысы Марина Баданинаның айтуынша, клубтың ерекшелігі арнайы әзірленген білім беру бағдарламасында.

– Бұл бағдарлама студенттерге жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік береді. Оқыту барысында жастар тек теориялық білім алып қана қоймай, тергеуші мамандығының ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде меңгереді. Осы мақсатта полиция департаменті базасында тергеу-криминалистикалық полигон жабдықталған. Мұнда студенттер оқиға орнын қарау тактикасын іс жүзінде үйренеді, – дейді ол.
Практикалық сабақтар барысында студенттер кәсіби мамандардың жұмысымен танысып, қылмыс орнында қалған іздерді анықтау, тіркеу және алу тәсілдерін меңгереді. Сонымен қатар заманауи арнайы техникамен жабдықталған криминалистикалық құрал-жабдықтардың мүмкіндіктерімен танысады.

Жуырда екіжақты меморандум аясында тәжірибелі мамандар мен болашақ заңгерлердің кездесуі өтті. Шара барысында Павлодар облысы полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Даурен Қопжасаров пен криминалистикалық басқарма сарапшылары университеттің құқықтану кафедрасының студенттері және оқытушыларымен пікір алмасты.
Кездесу барысында мамандар төтенше жағдай орын алған жердегі іс-қимыл алгоритмін кезең-кезеңімен түсіндіріп, ішкі істер органдарына қызметке қабылдау тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берді.

Мамандардың айтуынша, жоғары оқу орны ғылымы мен полиция тәжірибесінің үйлесуі оң нәтиже беріп келеді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жыл сайын үздік түлектерге атаулы жолдамалар ұсынып, оларды қызметке тартуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша павлодарлық 20 түлек ішкі істер органдарында кепілдендірілген жұмыс орындарына ие болған.
"Жас заңгер" клубы – теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, кәсіби әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды бастама.
