Павлодарда ІІО-да қызмет ететін әріптес ерлі-зайыптылар аз емес
13 қыркүйек – Қазақстанда Отбасы күні. Ішкі істер органдарында қызмет ететін ерлі-зайыптылар аз емес, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сондай отбасылардың бірі – Сартовтың отбасы. Отағасы Қанат Сартов Павлодар облысы бойынша департаментінің жедел-криминалистикалық бөлімі бастығының орынбасары. Алматы академиясын бітіріп, сот сарапшы-криминалист мамандығын алғаннан кейін криминалист ретінде қызметін бастаған оның мақсатқа жетудегі табандылық, кәсібилік және жұмыстағы ұқыптылық қасиеттері басшылық тарапынан жоғары бағаланып келеді.
Осындай табанды 13 жыл қызметінен кейін 2016 жылы Жедел-криминалистика бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалды.
Тағдыр таңдаған жары Гүлмира да пединститутты бітіргеннен кейін ювеналды полицияға қызметке келген. Гүлмира да полицияда 12 жыл қызмет еткен білікті маман. Жақында тағы да ана атануына байланысты Департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы қызметінен демалысқа шықты.
Жас жұбайлар бірге кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, қызметтің мәніне терең бойлап, жинақтаған білім мен тәжірибесінің арқасында беделді қызметкер атанды. Ерлі-зайыптылар өздеріне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен қабылдайды. Соның арқасында ешқашан шағымдар түспеген. Бүгінде үш баланы тәрбиелеп отырған өнегелі отбасыға айналды. Ұл-қыздары спорт пен өнерге құштар болып өсіп келеді. Мұндай полиция қызметкерлері болған отбасылық әулеттер сирек кездесетін жағдай емес.
– Еңбек пен отбасының арасында барлығына үлгеру оңай емес.
Қылмыскерлер үшін демалыс күндері жоқ, ал менің отбасым мұны жақсы түсінеді.
Қызметтен оралғанда мен үшін үйімнің жылуын сезінуден асқан құнды әрі бақытты ештеңе жоқ,- деп ағынан жарылды Қанат.
Отбасы күні мерекесі қарсаңында біз өз әріптестерімізге отбасылық амандық, өзара түсіністік, шексіз қуанышты күндер тілейміз.
Өйткені отбасы – кез-келген адам үшін әрқашан қымбат!