Павлодарда ерлікпен қаза тапқан полицейлердің рухына тағзым жасалды
Павлодар қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориал жанында еске алу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемориалдық іс-шараға ведомство басшылығы, жеке құрам, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ қаза тапқан қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындары қатысты. Жиналғандар ерлікпен қаза болған тәртіп сақшыларын бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Жиналғандардың алдында сөз сөйлеген департамент бастығының бірінші орынбасары Алмас Түкенов кәсіби борышын соңына дейін адал атқарған қызметкерлердің ерлігін ұмытпау маңызды екенін атап өтті.
— Олардың батылдығы, мамандыққа адалдығы мен жанқиярлығы бүгінгі ішкі істер органдары қызметкерлеріне үлгі. Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында өз өмірін қиған жандардың есімін әрдайым құрметпен еске алуымыз қажет, — деді Алмас Тілегенұлы.
Еске алу рәсімі барысында әріптестері мен жақындары Мейрам Дәулетов пен Қанат Сармантаевтың жарқын бейнесін, адамгершілік қасиеттері мен қызметке деген адалдығын еске алды. Мейрам Дәулетовтің жұбайы өз шығармашылығынан өлең оқып, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады.
Қаза болған тәртіп сақшыларының туыстары полиция ведомствосының басшылығы мен жеке құрамына олардың ерлігін ұмытпай, жылдар бойы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыстарын білдірді.
— Отыз жыл — ұзақ уақыт. Алайда біз үшін бұл күн кеше ғана болғандай әсер қалдырады. Ұлдарымыздың есімі өздері қызмет еткен ведомствоның жадында сақталғанын білу біз үшін өте маңызды. Осы еске алу шарасын ұйымдастырып, қамқорлық танытып жүрген полиция басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Оларды еске алу жалғасқан сайын, олар біздің жүрегімізде өмір сүре береді, — деді Қанат Сармантаевтың әкесі.
Полиция қызметкерлері олардың соңғы сәтіне дейін Антқа адал болып, қауіп алдында қайсарлық танытқанын атап өтті.
— Мейрам Дәулетов пен Қанат Сармантаевтың есімдері Қазақстан полициясының тарихында мәңгі сақталады. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы кейінгі буынға үлгі болып қала береді, — деді шараға қатысушылар.
